Балалық дәурен – балқаймақ

Балалар – біздің осы бір жарық дүниедегі барымыз да, нарымыз да һәм өмірдегі Құдай берген ең асыл сыйымыз. Әр ата-ана өз баласының бақытты да, шат-шадыман болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, өйткені олар – біздің жарқын болашағымыз. Елімізде аталып өтетін мерекелердің ішіндегі жаз маусымының шымылдығын ашар Халықаралық балаларды қорғау күнінің алар орны ерекше. Бұл мейрам – біздің балаларымыздың қуанышы мен күлкісіне толы мерейлі мезет. Біз балаларға ата-аналық әрі ұстаздық тәлім-тәрбие берген шағымызда оларға өз бойымыздағы сүйіспеншілік пен махаббат мейіріміздің бір бөлігін тарту етеміз.

Шат күлген сәбиді көрген шағыңда жан дүниең жадырай жайнап сала береді.

Біздің білім ошағында 1 маусымның таңы балаларға арналған шадыманды әуенімен көңілді көктем етті. Ауылдың тұс-тұсынан балаларын қолдарынан жетелеген ата-аналар ағылды. Барша жұрт мерекеге сақадай сай әзірленді. Жұрттың бәрі таңғажайыпты күтті...

Мерейлі мейрам О.Миняйлова мен 6 «а» сыныбы дайындаған салтанатты марштан бастау алды. Жеңіл әуенге құрылған көңілді марш барабан үнімен естіген жанға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кенет бәрі тас-талқан болып, мектепті теңіз қарақшылары (бастауыш сынып мұғалімдері) басып алып, дүние мың құбылып, қарақшылар флеш-мобы мен теңіз қарақшылары әндері шырқалып, зұлым күштер үстемдігі салтанат құрды. Теңіз қарақшылары киімдерін киген балалар би мен ән-күйге араласып, думан көрігін қыздырып сала берді.

Теңіз қарақшылары балаларға тығулы қазынаны табуды ұсынды. Ол үшін картаның паршаланған бөліктерін тауып, соның негізінде белгілі бір тапсырманы орындай отырып, тұтас картаны қалпына келтіру арқылы кішкентай қарақшылар да, балалар да қазынаның қайда жасырынғанын таба алатын болады. Картаны толық құрастырып шығу оңай шаруа емес, өйткені қарақшылар өте қитұрқы да, шырғалаң тапсырмаларды олардың алдына көлденең тартты. Қанша жерден алдарынан күрделі тапсырмалар кес-кестегенімен балалар интеллектуалды алымдылық пен эрудиттік шалымдылық таныта отырып, тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, қазынаны таба білді.

Балалар бұл мерейлі мереке күні түрлі көңілді ойындар ойнап, бормен асфальтқа сурет салып, ол туындыларында өздерінің ойларында жүрген балалық ақ армандары мен қиялдарындағы асыл образдарын айшықтай алды.

Осы мерекеге қатысқан барша бала сый-сияпатсыз қалған жоқ, теңіз қарақшыларының костюмдері де атаусыз қалмай, өз бағасын алды. Белсене қатысқан балдырған бүлдіршіндер ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарды иеленді.

Сөз соңында айтарым, Балаларды қорғау күні тек қана думанды мереке ғана емес, тап осы күні біз, ересектер, балаларға қашанда бақыт сыйлап, оларды үнемі шадыман ету үшін өмір сүретінімізді еске салатын мезет..

Осылайша, біздің өңірде балаға бақыт сыйлаған мереке дүркіреп өтті.

Олия Юлдашева,
Камышенка ОМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары