Бородулиха ауданындағы мектептерде арнайы сыныптар ашу жоспарлануда

Кадет сыныбы Островский атындағы орта мектепте жұмыс істеп тұр
Фото: 
редакция мұрағатынан алынды

2017-2018 оқу жылында екі орта білім ордасында спорттық және кадеттік сыныптар пайда болуы мүмкін.

ШҚО Білім басқармасының хабарлауынша, шайбалы хоккей сыныбы Краснополь орта мектебінде, ал кадет сыныбы Жезкент орта мектебінің базасында пайда болуы мүмкін. Естеріңізге салсақ, 2016-2017 оқу жылында "Шығыс ұландары" атты кадет сыныбы Островский атындағы орта мектепте ашылған еді. Сыныпқа жазылған 18 оқушының үшеуі қыз бала болатын. 20 қаңтар күні кадеттердің ант беру сәті салтанатты түрде өткізілді. Облыстық білім басқармасындағылар орта білім ордаларындағы арнайы сыныптар қазақстандық патриотизмнің, адамгершіліктің және жалпы адамзаттық құндылықтың негізі саналатын "Мәңгілік ел" ұлттық идеясының негізінде тәрбиеленушілердің бойында жеке бас қасиеттерін қалыптастыру мақсатымен "Дарынды мектеп" кешенді жоспарының аясында аудандық бюджет есебінен ашылғандығын айтты.

— Басты мақсат — балаларды жұмыспен қамтып, олардың спорттың жеке түрлеріне деген дағдыларын дамыту, облыстық құрама командаларға резерв дайындау, — дейді облыстық білім басқармасындағылар.

Осылайша, 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыстың жалпы білім беретін мектептерінде волейбол, футбол, шайбалы хоккей, шаңғы, баскетбол және дзюдо сияқты спорттың алты түрінен сыныптар жұмыс істей бастады.

Ерлен Османов