Мерейтой. Таупық атаға тағзым етті

5 мамыр күні Петропавловка ауылдық округінде Таупық Рымжанов ағамыздың 80 жылдығына арналған салтанатты шара басталып, арнайы кеш өткізілді. Кездесу кешіне аудан орталығынан бір топ қонақтармен қатар, Таупық ағамыздың жан жары Гильда Робертовна мен қызы Жанна Таупыққызы қатысты.

Келген қонақтарды Т.Аманов атындағы мектепте игілікті іс-шара күтіп тұрды. Т.Рымжанов көп жылдар бойы қызмет өзі мұрындық болып, осы мектепке белгілі академик Т.Амановтың атын беруге ерекше атсалысқан еді. Ал аядай қасиетті осы жерден шыққан қаншама мәдениет пен спорттың дүлділдері: ең алғашқы Олимпиада чемпионы Құсман Қосанов, математик Төлеубай Аманов пен өнер мен әдебиет тарландары Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, жазушылар мен ақындар Сәду Машақов, Еділ Асылбек сынды дарындардың қатарында елімізге танымал, көптеген кітаптардың авторы, Бородулиха ауданының Құрметті азаматы, балалар жазушысы Таупық Рымжанұлы да тұрады.

Кеш жүргізушілері Петропавловка ауылдық округінің кітапханашысы М.Аханова мен Т.Аманов атындағы орта мектебі тәрбие ісінің меңгерушісі О.Мальцевалар тұлғаның өмір жолын баяндады:

– Таупық Рымжанұлы 1937 жылы 21 шілдеде қазіргі ШҚО Абыралы ауданының Дегелең (Семей ядролық полигоны) тауындағы Төлебай ауылында дүниеге келген. 1962 жылы СПИ физика-математика факультетін бітіріп, Аягөз, Жаңасемей, Бородулиха аудандарындағы орта мектептерде физика мен математикадан, астрономия мен информатикадан мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет істеген. 1976 жылдан 2008 жылға дейін орта мектептерде ұстаз, аудармашы, мемлекеттік тіл бойынша редактор қызметтерін атқарды. 1987 жылдан бастап «Аға мұғалім» атанып, 1987 жылы-Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет громатасымен, 1989 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2007 жылы ҚР ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бородулиха ауданының Құрметті азаматы осындай ерен еңбегімен қоса, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті саласында жазушылықпен еңбегінің зейнетін көрген адам. Әртүрлі мерзімде баспалардан жарық көрген «Күн перзенттері», «Гүл ағашы» т.б. 10 шақты кітаптар мен хихаяттардың авторы.

Оның қаламынан шыққан әр кітаптың өз тарихы, өзіндік ерекшеліктері жайында сөз қозғағандардың бірі оның тәрбиелік мәніне тоқталса, екіншілері қазақ әдебиеті тарихында алатын орнына, енді бірі жеке өміріне, адами қасиеттеріне көбірек тоқталды.

Кеш соңында сөз алған жазушының жары Гильда Робертовна Гердт мектеп оқушылары мен келген қонақтарға жазушы жайында қызықты әңгімелер айтып берді. Өнер иесінің жары болу әсте оңай емес. Осындай тағдыр қазақ балалар әдебиетінің белгілі өкілі, тұңғыш қазақ ертегілік романы мен фэнтезиінің негізін салған Таупық Рымжанұлының жары Гильда жеңгеміздің маңдайына жазылыпты.

1965 жылы 5-курс студенті Гильда Робертовна бір жылдық тәжірибе жинақтау үшін Абай ауданының Свободный ауылындағы мектепке жіберіледі.

– Мен онда орыс тілі мен әдебиетінен және неміс тілінен сабақ бердім. Сол кезде Свободныйда Таупық Рымжанұлын жолықтырдым. Ол маған өте ерекше жан болып көрінді, – дейді Гильда Робертовна.

1965 жылы тамылжыған маусым айында екі жас бас құрап, елі «қазақ ертегісінің – абызы» атандырған Таупық Рымжанұлымен дәм-тұздары жарасып, өмір сүреді.

– Осылайша менің отбасылық әрі ұстаздық еңбек жолым өз бастауын алды. Бір сөзбен айтқанда, әуелі Жаңа Семей, ол тарқаған соң Бородулиха ауданында табаны күректей 44 жыл Баженов пен Петропавловка орта мектептерінде шәкірттерге білім бердім, – дейді жазушының жары. – Таупық Рымжанұлы жан-жақты талантты адам еді. Суретті де жақсы салатын. Әсіресе, пейзаждық суреттері өзінің көркемдігімен көз тартатын. Өзі әуесқой фотограф болғандықтан, сол дағдысына өзінің шәкірттерін де баулып, мектепте фотоүйірмені жүргізіп, радио үйірмесін басқаруға да уақыт табатын. Мектепте астрономия, физика және ғылымдардың патшасы саналатын математика пәндерінен сабақ бере жүріп, 120-дан астам педагогикалық тақырыптағы мақалалар жазды, әрі қаламы қолынан түспей, жазушылық шығармашылықпен тұрақты айналысуға да уақыт таба білді.

Гильда Робертовна Тәукеңнің бәріне де уақыт табатындығын, қаражаттан қысылса да, қаламгерлік ғұмырында 9 кітап және өзі жоспарлаған 4 томдық толық жинағының 3 томын оқырмандарына ұсынып үлгергенін ілтипатпен есіне алады. Ол немересі Руслан үшін бар көмегін аямағанын, одан үлкен үміт күткенін сағынышпен еске алды. Руслан бүгінгі таңда Ресейдің Дубна қаласында ғылыми дәрежесін ойдағыдай қорғап шыққанын мақтанышпен айтып өтті. Бүгінгі таңда ұлы Алик жұбайымен Ресейде тұрады екен. Қызы Жанна Т. Аманов атындағы мектепте ата-анасының жолын қуып , ұстаздық етуде.

Мейрамгүл АТАЕВА