Сәләфизм шырғалаңы

Мен, бастапқында «Əбу Ханифа» мəзһабын ұстандым. Бір-екі рет басқа жамағаттармен араласып, «сəлəфимін» деп өмірімді түбегейлі өзгерттім. Сөйтіп, мадхалит болып шыға келдім. Содан кейін бір суруритпен араласып, суруриттердің қатарынан шықтым. Мадхалдар жамағатынан шығарған соң, осылайша террорист болдым. Ақыры, өз үкіметіме «ДАИШ» экстремистік жəне лаңкестік ұйымына аттанып бара жатқанда қолға түстім.

(Кейіпкердің өмірінен)

Ғаламтор арқылы əйел адамның тұрмысқа шығуы үшін өздеріне жарнама жасайтын əлеуметтік желілері өте көп. ВКонтакте желісіндегі «Неке Қазақстан» деген бірлестікте əйелдердің анкеталары жазылған арнайы жазбаларды табуға болады. Ол жерде жасы мен (тұрмысқа шыққан немесе ажырасқандығы т.б.) өздері туралы қысқаша деректемелерді береді. Осы топтан өзіне тіреу болар ер азаматты іздеген, жиырма бес жастағы азаматшамен сөйлесіп көрдік. Өзінің шынайы аты-жөнін жасыруды қалаған əлеуметтік желідегі тіркелуші бізге өз басынан өткен жағдайын айтуға келісті. Сəлəфиттік ағымның аясында алты жылғы ғұмырын өткізген екен. Гүлбаршын есімді азаматшаның ауыр тағдыры көптеген қыздарымызға сабақ болады деген ойдамыз...

Мен ол кездерді мүлдем есіме алғым келмейді, алайда басқа жандардың мен сияқты қорланғанын қаламаймын. Сондықтан сізбен өз басымнан өткен жағдайымды баяндауға келсімімді бердім. Ол кездерді өмірімдегі ең қорқынышты түс ретінде қалдырғым келеді. Əттең, бірақ оны ұмытар емеспін! Аллаға тəуекел етіп, бақытты өмірді кешермін. Бұны Алланың маған берген ең үлкен сынағы деп қабылдадым. Жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, Алланың бұйырған бес уақыт намазын да қатар алып жүрдім. Басында «Əбу Ханифа» мəзһабын ұстанған болатынмын. Құранның екі парасын сол кезден бастап жаттап алдым.

Уақыт өте келе мешітте өздерін оқшаулап ұстайтын қыздармен айтысуды шығардық. Келіспеушілігіміздің басты себебі - олардың басқа бағытты ұстанатындығы. Мен, хиджаб кидім, ал олардың кейбірі ниқабта болды. Арамызда келіспеушілік жиі орын алды. «Сендерге дəлел қажет болса көрсетеміз» деп, өздері ауызашарға шақырды. Мен жəне құрбым екеуіміз оларға баруға келістік. Кешке таман барып, дастарқан басында «Ал, енді дəлелдеріңді көрсетіңдер?» дедік. Ондағы бір топ қыздар жан-жақтан бірінің сөзін жалғап, алдымызға өз дəлелдерін айтқандай болды. Мен құрбыма қарағанда олармен жақын араласып кеттім. Оларға сеніп, олардың жамағатына бүйрегім бұра бастады. Ал құрбым аса мəн бере қойған жоқ. Құрбыммен де осы кезден бастап достығымыздың арасына сызат түсе бастады. Ол бұрынғыша мешітке барса, мен мүлдем баруды қойдым.

Осылайша сəлəфизмді уағыздаушыларды тыңдап, өмірімді мүлдем басқа арнаға бұрдым. Құрбым мені ойымнан қайтаруға сан мəрте тырысып бақты. Тіпті ҚМДБ-дағы ұстаздармен де кездестіргісі келді. Мен болсам өзімнен басқасының бəрін бір сəтте адасушылардың қатарына қосуды шығардым. Тек осы жол ғана ақиқат жолы екендігіне сендім. Өзіме сондай сенімді болдым. Мəзһабты ұстағаным үшін адасқан екенмін деген ой маза бермеді. Осы үшін қатты өкінемін! Сол кезде мешітке қайтадан баруым керек еді... Ал қазір сол сəттерді қайтара алмаймын. Өмірімдегі ең қорқынышты сəттерім енді басталды. Осы жамағатпен араласып, «суруриттер» деген екінші бір ортамен араласа бастадым. Мадхалиттер де, суруриттер де өздерін «сəлəфилер» деп атайды, алайда мақсаттарымызға қарай өз ішімізде осылай бөлінеміз. Айырмашылықтарымыз аса көп емес. Сондағы бір қызбен жақсы араласып жүрдім. Ол шетелден де білім алыпты. Мені бір күні үйіне қонаққа шақырды. Ол кезде бұл жамағаттардың атауларын қазіргідей анық білмеймін. Енді ғана сəлəфиттік бағытқа қадам басқан кезім еді. Ол өз үйінде маған бір-екі діни сауал қойды. Мен енді үйреніп жатқандарымды айттым. Сонда ол кісі «мурджиттердің» қатарынан екенсіз ғой» деді.

Естігенде таң қалдым! Жүріс-тұрысымыз бір болатын. Ол кісі де, мен де ниқаб жамылатын едік. Өзімізді əуелгі жолдағылармыз деп ойладық. Сөйтсек, тағы ішінен топтарға бөлінеді екенбіз. Ақыры осы кісі өз жамағатына мені қоспаққа тырысып, үйіндегі оқулықтарынан дəлелдерін көрсетті. Кешкі сағат 19:00-де барғаннан таңғы 04:00 уақытқа дейін осы əңгіме төңірегінде ой бөлістік. Қайтадан көзім байланып, осы жамағаттың мүшесі болып шыға келдім. Екі күннің ішінде басқа жамағатқа ауыстым. Оған дейін екі жамағаттағылар өз арамызда «Бір-бірімізді тыңдамаймыз» деп айтатынбыз. Оларға күдікпен қарағаным ұнамаса керек, мадхалдар менен алыстап кетті. Мен осы жамағатта қалып, тұрмысқа шықтым. Екі ортаны көрген соң өзім де көп нəрсені айыра бастадым. Жиырма бір жасымнан бастап алты жылғы ғұмырымды осы ортада өткіздім. Өзімізді ақиқатты айтушылармыз деп санадық. Тек қана өзімізбен ғана санасатынбыз. Кім намазды оқымайды, соның бəрін де айыптауға көштік. Оларды кəпір ретінде санадық. Бізді қолдамайтындарды адам құрлы көргіміз де келмейтін.

Мұндағы жамағат өте ұйымшыл еді. Бұрынғы күйеуім де осы жамағаттан. Кейде осылардың «сүннет» дегені бос сөз бе деп қалам... Күйеуімнен қалған қызымның барына да шүкір! Қызым менің мойымауыма, жасымауыма себепші болып, өмірге деген құштарлығымды, махаббатымды арттырды. Ал оның әкесіне келсек, не дерімді білмеймін... Қызымның «әке тауып бер!» деп айтатыны жүрегімді ауыртады. Өзі қатарлы балалармен ойнап, олардың əкелеріне қызыға қарайды. Ол есейген кезде басымнан өткен жайды қалай түсіндірерімді білмеймін...

Тұрмысқа шыққан кезімде жағдайым мүлдем өзгерді. Нақты айтсам, сəлəфизмнің кəдімгі секта екендігіне көзім жетті. Олардың істері сүннетке мүлдем сай болмай шықты. Қызыма аяғым ауыр болып, босанатын мерзімім жеткен кезде күйеуім талағын берді. Мұндағы себеп - оған екінші əйел алу керек болды. Ажырасқан сəттен бастап бауырсымақ ахилары бірінен соң бірі «маған тұрмысқа шық!» деп ұсыныс айта бастады. Босанғаннан кейін қызымды алып, бұл жамағаттан қашып шықтым.

Мен жүрген жамағатта қыздар мен жігіттер жыныстық қатынас тақырыбында еркін сөйлесе береді екен. Бұл туралы өзім кеш білдім. Бір-біріне ұялмай суреттерін жіберіп, кəдімгі «сүйем», «шешін» деген сөздерін жазатын. Осы жағдайлар мені қатты ойландырып, өзімізді «əуелгі жолдағылармыз» деуден жиіркеніп кеттім. Басында жағдайым мүлдем қиын болды. Күн сайын нанды әрең тауып жейтінмін. Басқа амалым болмады! Қазіргі кезде саябақта балмұздақ сатушы болып жұмыс істеймін. Осылайша əркімге бір жалданып, əрең дегенде нанымды тауып жүрмін. Күн сайын істеген жұмысым үшін 1000-1500 теңге аламын. Таңғы сағат 07:00-ден түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істеймін. Қаладан тыс жерден арзан пәтер жалдап тұрамын. Ал жұмысқа жаяу барып, қайтып жүрмін.

Қызымның əкесінен еш жақсылық күтпеймін. Ақіретте Алла тағала әркімнің ақысын алып береді. Менің қазіргі мақсатым – қызымды өсіріп, ата-анамнан кешірім сұрап, қайтадан олармен бір шаңырақ астында тұру. Қазіргі арманым осы.

Бізге ішкі саясат бөлімінің теологтары, Ішкі істер министрлігінің ақсақалдар алқасы, имамдар да, дінтанушылар келіп аралайтын. Бірқатар түсіндіру жұмыстарын да жасаған. ҰҚК жəне ІІМ талай рет қонақта болып қайтқанбыз. Адасушы деп санайтын оларды қалай тыңдаймыз? Біздің білім алатын уағыз айтушылар тек өздерін ғана тыңдауға шақырады. Олар басқа қоғам мүшелерін бізге жиіркенішті етіп көрсетті, сол себепті ондай түсіндіру жұмыстарын құлағымызға ілмейтінбіз. Қайта Сирияға кетпек болып жатқанда ұсталып қалғанымыз үшін рақметімді айтам. Егер де шекарадан асып кеткенде, жағдайым не болар еді?! Ондағы соғысқа барып, бейбіт елімнен айырылар едім.

Уағыз айтушылар бізді радикалды бағытқа үндейтін! Өз арамызда сабақтар болатын. Skype желісі арқылы əрбір жердегі жамағаттарымызбен онлайн сабақтар өткізетінбіз. Жезқазған, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау, Алматы т.б. қалалардағы жамағаттарымызбен тығыз байланыста болдық. Мақсатымызға жету үшін түрлі əлеуметтік желілерді пайданалатынбыз. Олардың көбі ВКонтакте, Facebook сияқты танымал емес әлеуметтік желілер болатын. Қарапайым қолданушылардың көбі ол әлеуметтік желілер туралы мүлдем білмейтін.

Біз сондай әлеуметтік желілердің бірі арқылы Сирияға аттанбақшы болдық. Алдын-ала бір топ адам дайындалдық. Мен ол кезде кетуге қатты ниет еттім. Бəріміз кетпекші болып жатқанда орта жолда ұсталып қалдық. БАҚ-қа сене бермейміз. Өзіміздің ВКонтакте желісінде «Халифат», «Аль-Хаят» деген бірлестіктеріміз бар болатын. Тек солардағы жаңалықтарды дұрыс көретінбіз. Сириядан қайтып келген жандардың сұхбатын, оқиғаларын берсе оны өздері сатып алған деуші едік. Ондайдың бəрін заңды жағалаған адамдар дейтінбіз. Мүмкін, мына менің оқиғамды оқыған сізден басқа жандар əдейі жасалынды деуі ғажап емес. Тек қана біздегілердің көбі басына осындай жағдайлар түскенде ғана біледі. Сəлəфизм бағытындағыларды дəстүрлі исламға қайтару қиын. Ақтөбедегі лаңкестердің қатарында қаза болған кейбір жандардың жұбайлары күйеулерінің іс-әрекетін дұрыс санайды. Үкімет оларға іс-әрекеттерінің дұрыс еместігін қанша айтып жатса да, олар күйеулерін «шахид» болды деп есептейді.

Біздің жамағаттағы жесір қалған əйелдердің көбінің күйеулері экстремизм бабымен сотталып кеткен. Бұның бəрін өздеріне келген сынақ деп біледі. Қандай қиындық көрсе де мойымауға тырысады. Еш жасыратыны жоқ, олар бұл жағдайда қасиетті жихадты орындадық деп түсінеді.

Өзім де кезінде солай түсінетіндердің бірі болдым. Осы сəлəфизм бағытында болған кезімде ата-анаммен талай дауласып, ұрсыстым. Олар мені оқытып, қолдағы барын аямады. Солардың арқасында жоғарғы оқу орнын оқып бітірдім. Дипломымды алып, ауылға бардым. Негізі өзіміз еліміздің оңтүстік аймағында тұрамыз. Сəлəфиттік көзқарасымды отбасы мүшелеріне айтып, «Сендердікі дұрыс емес» деп айтатынмын! Сол себепті асыл дінімізбен келе жатқан салт-дəстүрлерімізді бидғатқа, адасушылыққа балап, мүлдем ойланбастан теріске шығардым. Үйдегілер маған таң қалды! Олар да мені адасқан жолымнан қайтаруға тырысты. Ал мен болсам анамның құйып берген асын төгіп, «сендер кəпірсіңдер» деп байбалам салып, өз жолыммен кетіп қалдым. Міне, арада алты жыл өте шықты. Ата-анамды қатты сағынам! Бекерден бекер отбасымды осылай тастап кеттім. Менің тұрмыс құрған күйеуім де ата-анамызға жақындатқызбады. Анам əлі күнге дейін зар жылап жүр. Талай рет үйге қайтып баруымды өтінген еді. Енді олардың алдына баруға қатты ұялам. Кезінде асын ішпей, алдарына төгіп кеткенім үшін өз-өзімді кешіре алар емеспін. Қазір өзім де анамын ғой...

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп бұрынғылар бекер айтпаса керек. Осыншама қыздарымыздың бақытсыздыққа тап болып, жастарымыздың өз еліне қару алып жүгіргенін қалай түсіндіруге болады?! Гүлбаршын сияқты көптеген қыздарымыз өзіне қайтадан күйеу іздеп, ғаламтор желілерінде бақытты ғұмыр кешуі үшін үміт етуде. Басынан көптеген тауқыметті өткізіп, ешқайсына мойымай алға ұмтылған осындай қызымыздың қайсарлығына тəнті болдым. Кішкентай ғана періштедей сүйкімді перзенті анасына жəрдемші екен. Əкесінің қызы үшін жəрдем бермейтіні, бір рет болсын келіп қалай өмір сүріп жатқанын көрмей, мүлдем хабарсыз кетуі мына сіз бен бізге ауыр тиері сөзсіз. Осындай тағдырдың себепшісі болған, сырттағы теріс пиғылды діни насихаттың уағыздаушылары екендігі анық. Ал уағыздаушылардың сəлəфизм бағытымен білім беріп, тек қана тыңдаушыларын өз жолдарына ғана шақырады. Осыдан соң бір жүйедегі идеологиялары қалыптасып, қоғамымыздың бөлінуіне алып келіп жатыр. Əйел затының шариғаттағы орны мен құқығын таптауға қалай ғана дəттері барады екен? «Дүмше молда дін бұзар, қисық арба жол бұзар» деген мақалдың бүгінгі мағынасы қазіргі қоғамымыздағы болып жатқан оқиғаларды еске түсіреді.

Қадірəлі САРЫПБЕК

E-Islam.kz

«ШҚО Бородулиха ауданының iшкi саясат бөлiмi» ММ тапсырысы бойынша