Шерлі шежіре

Биыл КСРО-да орын алған 1937-1939 жылғы саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толып отыр. Осы еліміздің тарихында қаралы әріппен жазылған қасіретті кезеңді еске алу үшін Бородулиха аудандық Достық Үйінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Бородулиха аудандық Достық Үйінде дөңгелек үстелге қоғамдық, жастар ұйымдарының өкілдері және мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлері Екатерина Александровна Булычева, Ольга Юрьевна Журавлева сынды депортациялық қуғын-сүргін куәгерлері қатысты. Дөңгелек үстелді Александра Александровна Шпилкина ашып, төрағалық етті.

Осы дөңгелек үстелде үш баяндама жасалып, депортацияға ұшыраған неміс ұлтынан шыққан Эмма Рудольфовна Топоркованың айтқан естелігі тыңдалды. Немістердің 1941-1945 жылдардағы жер аударылуына қатысты Абай атындағы орта мектебінің тарих пәнінің ұстазы Сергей Иванович Дерксен осы зобалаңға ұшыраған өз отбасына қатысты отбасылық деректерді мөлдіретіп алға тартып, нақты фактілер негізінде биографиялық деректемелер келтіріп, қатысушыларды ұйытқан тамаша баяндама жасап шықты.

Әрине, КСРО қылмысты режимін бір репрессия аясымен шектеп қойғанымыз орынсыз болар еді. Олар бұған дейін халықты бүкіл КСРО-ны шарлаған аштыққа ұрындырған болатын. Осы қолдан жасалған аштық кезінде ұлтымыздың 3 миллионы құрбан болғандығын Бородулиха аудандық МТДБ сектор меңгеруші Ә.Байжұманова айтып берді.

Бәріміз білеміз, кеңестік дәуірде КОКП еркіндік пен демократияға жол бермей бір партиялық үстемдік орнатқан болатын. 1918 жылдан бастау алған саяси қуғын-сүргіннің одақтас республикалардағы ұлттық партияларға тигізген залалы мен қасіреті төңірегінде МБТОО директоры Гүлмира Бақдәулетқызы өзінің «Алаш қозғалысының тәуелсіздікке жасаған қадамы» атты баяндамасында интерактивті тақтаны пайдалана отырып, тереңнен толғай отырып сөз етті.

Осындай нақты деректер мен ақиқат дәйектер өзек болған баяндамалар осы зұлмат қырғынға куә болған Эмма Рудольфовна Топоркованың шерлі шежіресімен түйінделді.

Міне, осыдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар КСРО-да орын алған тұтас халықтардың жер аударылуы, саяси қайраткерлердің қуғындалуы және аштық болмаса 60 млн.-ға жететін қазақ халқының 1920-1921 және 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған аштыққа ұшырау трагедиясы бойынша өз ойларын ортаға салды.

Осылайша, Бородулиха аудандық Достық Үйі ұйымдастырған дөңгелек үстел тарихи танымдылығы әм имани ғибраттылығымен өз мәресіне жетті.

Серік Бақанаси