Өз жерінде тамыр жайған кәсіпкер

Иван Гиндер

Оның шекара асып, ауылдағы тұрмыс-тіршілігін заманауи қаланың тіршілігімен ауыстыруға мүмкіндігі болған. Бірақ ол өз болашағын туған жерінде құруға бел буды. Жезкенттік кәсіпкер не үшін өзіне автобус сатып алып, күн сайын Ресей шекарасын кесіп өтіп, нан пісіріп жүр? Кәсіпкерге өлшеніп оралған тұшпара жеудің, асыл тұқымды Орлов жүйрігін жаттықтырудың және қираған үйіндіден Жезкенттегі ғимараттардың бірін қайтадан қалпына келтіруді армандаудың не керегі бар? Бұл туралы мақаладан оқып-біліңіз.

Иә, ол сондай

– Ауылда кәсіпкерлер жетерлік, бірақ олардың көбі ауқымы тар өндіріске машықтанған, – дейді Жезкент кентінің әкімі Қуантай Отырбаев. – Ал Иван Иванович ерекше кәсіпкер. Оның көзқарасының кеңдігіне таң қаласың. Оның шаруа қожалығын басқарып, кәсіппен айналысу және тың идеяларды іске асыру сияқты істерді қатар алып жүруге қалай үлгеретініне қарап қайран қаласың. Ол ұжымын ерекше басқарады. Оның қоластындағы қызметкерлері өзінің отбасы мүшелеріне айналғандай. Кейде жұмысшыларына ескерту жасап, жаңсақ кеткен жерін түзетуге мүмкіндік берсе, кейде кең пейілімен мадақтап алады.

Жезкент кентінің әкімі жергілікті кәсіпкер, Бородулиха ауданы мен ауылында неміс тілінен аударғанда нан өнімдері деген сөзді білдіретін «Bäckerei» наубайханасымен танымал Иван Гиндерді осылай сипаттады. Гиндердің өнімдерінің дәмін шекарамен шектесіп жатқан Горняктағы ресейліктер де татып көрген. Сондай-ақ, Иван Гиндердің жолаушылар көлігі жезкенттіктерді Семей мен оның төңірегіндегі ауылдарға жеткізіп салады. Оның жеке кәсібі де осы жолаушылар көлігінен басталғанын айта кету керек.

Жезкентпен көршілес жатқан, бұрындары Энгельс атындағы совхоз деп аталған Покровка ауылынан шыққан жігіттің өмір жолына тоқтала кетейік. Бұл жердің шаруашылығы басқаларға қарағанда әлдеқайда жақсырақ болған. Келген адамдар темірдей тәртіп пен интернационалдық достыққа қызығатын. Ол жерде қудаланған қазақтар мен немістер тұратын және бір-бірлерімен екі тілде де сөйлесе беретін. Оларда бөтен, бөгде деген ұғым болмайтын, сондықтан да үйлерінің есіктері ешқашан құлыптанбайтын еді. Қазақтар ата-анасыз қалған неміс балаларын бауырларына басып, өз балаларындай өсірген. Ал олар қарияларға қазақтың салт-дәстүрі бойынша құрмет көрсеткен.

– Мен осы жерде білім алдым. Одан кейін мені көлік жүргізуге үйрету үшін ДОСААФ-қа жіберді, – дейді Иван Гиндер. – Көлік жүргізушісі мамандығы аяғымнан нық тұруға көмектесті. Кейін Ползунов атындағы техникалық институтты сырттай бітіріп алдым.

Өмірдің ағысы жаман емес еді. Кеңес Одағының ыдырауы халықты есеңгіретіп тастады. Немістер тарихи отандарына қоныс аудара бастады. Орыстар Ресейде тұрақтап қалуға тырысты. Иван Гиндердің алдында да маңызды таңдау тұрды.

– Мен Германияға бірнеше рет барып қайтқанмын. Қазір де ол жаққа көшіп кетуге жағдайым келетінін жасырмаймын, бірақ дәл осы жер менің жаныма жақын, – деп ағынан жарылды біздің кейіпкер.

Тоқсаныншы жылдары әркім шама-шарқы жеткенше тіршілік үшін күресті. Гиндер де шама-шарқына қарап әрекет етті. Ол кезде ауылдағы мемлекеттік автопарк қирап қалған еді. Семей мен оның маңындағы ауылдарға адамдар жолда кезіккен көлік құралдарымен жетіп отырды. Гиндердің отбасында көліктерін сатып, бар жиған-тергендеріне жолаушылар автобусын сатып алуға мүмкіндік туады. Бұл күн сайын сағат 06.50-де Жезкент – Семей бағыты бойынша жүріп отыратын алғашқы жеке автобус болды. Кейінірек автопаркке жергілікті бағыттар бойынша жүретін тағы да төрт автобус қосылды. Бүгінде Гиндердің отбасы кәсібінде шағын автопарк бар. Кәсіпкердің ұлы Иван да жолаушыларға арналған көліктің тізгінін басқарады.

Жүргізушіліктен наубайханаға дейін…

Сатушы Жансая Орынбасарова мен бас есепші Наталья Абдраимова

Жеке кәсіпкерліктің бас есепшісі Наталья Абдраимованың айтуынша, тағы бір нәрсені қолға алмаса Гиндер Гиндер болмас еді.

– Осындай да жағдай болған, – дейді Наталья Николаевна. – Ауылдағы нан пісіретін жеке наубайхананың бірі банкрот болды. Мүмкіндіктерді есептеп, тәуекел еттік. Бағымызға орай, ол жерде аздаған керекті жабдықтар болды. Жөндеу жұмыстарымен айналысып, тағы да басқа керекті жаңа жабдықтар сатып алдық. Сол кездегі басты жетістігіміз – нан қамырының көтерілуіне арналған шкаф сатып алуымыз болды. Сол жерде біз нан пісіре бастадық. Технолог таңдауда да жолымыз болды. Татьяна Криворотова кеңестік кезеңнен бері наубайханада жұмыс істеген. Ол өте тәжірибелі және идеяны іске асыруда өте белсенді адам болды. Біздің ұжымдағы нан пісірушілер мен кондитерлердің бәрі сондай.

Кәсіпкердің идеясы көп болған еді. Сол идеялар нәтижесінде уақыт өте келе дүкен сөрелерінде бөлке наннан бөлек қыша наны, астық дақылдары мен дәнді дақылдардан жасалған нан, отбасылық нан, сарымсақ қосылған нан, қарабидайдан жасалған нандар пайда бола бастады. Кептірілген нан, дәмделген қамырдан иленген нандар пісіріле бастады. Ауылда осы наубайханадан шыққан ашытқы қамырдан жасалған орыс наны да кең танымал. Дәл осы нан үшін сонау шекаралы аймақ Горняктан Жезкентке келетін адамдар бар. Округтегі ауылдар да Гиндердің нанына тапсырыс беруді жөн көреді, өйткені өнімнің сапасы мен бағасы халықтың көңілінен шығады.

Жезкенттегі әдеттегідей бөлке нан пісіретін басқа наубайханалардың өнімдерімен салыстырғанда Гиндердің наубайханасынан нанды өз таңдауыңыз бен талғамыңыз бойынша сатып ала аласыз, тіпті нанның салмағына дейін таңдау мүмкіндігіңіз бар. Наубайханада арнайы зейнеткерлер үшін 250 грамдық бөлке нан пісіріледі. Нан-тоқаш өнімдері «Bäckerei» («Бекерай») фирмалық дүкенінде сатылады. Бұл жерде басқа да азық-түліктерді сатып ала аласыз.

– Біз өнімдерді қаншалықты сұранысқа ие екендігін және бағасын ескере отырып пісіре бастадық. Арада бес жылға жуық уақыт өтті, біз енді жерлестеріміздің талғамындағы өнімдерді жақсы білеміз. Ең бастысы, уақытында сатылып кету үшін қанша мөлшерде пісіру керек екендігін де білеміз. Кондитердік өнімдермен де осындай жағдай. Балалықтың бал дәмі крем жағылған себетшемен, пісірілген бәліштермен және кеңестік кезеңдегі «картошка» азпаздығымен тығыз байланысты. Мінекей, біз балалық шақтың бал дәмін еске түсіруге бел будық. Өнімнің сапасын да сақтап қалдық. Қазір ғаламтордың көмегі арқылы кез келген аспаздық рецепті іске асыра аламыз, – дейді Наталья Николаевна. – Тоқашты көкнәр, мейіз, ірімшік сияқты бірнеше өнім қосып пісіреміз. Жерлестерімізге мәскеулік орама тоқаш ұнайды. Біздегі тоқаштардың барлық түрі 35 теңгеден сатылады. Тұтыну нанының бағасын да көтермейміз, 65 теңгеден сатамыз. Сонымен қатар, тойлар мен мерекелік шараларға арнайы тапсырыспен торт пен бәліш пісіреміз. Тіпті ауылдықтар таба нанды да бізге тапсырыс беріп пісіртеді. Болашақта лаваш пісіруді қолға алғымыз келеді.

Шикізаттың сапасына тоқтала кетелік. Жеке кәсіпкерлікте бастапқы кезде әртүрлі сорттар мен өнімдерді қолданып көргендерін айтты. Осылайша өздеріне керекті өнімді таңдап алған.

– Иван Иванович аз әуреленген жоқ. Қазақстандық диірмендерден шыққан ұнды алып көрдік. Рубцовскіден, Барнаулдан, Алейскіден де ұн алып келдік. Өзімізге ұнаған ұнды Алтай өлкесіндегі Зарница ауылынан таптық. Жарманы да Ресейден алып келеміз. Ал ашытқы, күнбағыс майы мен өсімдік майы қазақстандық, – дейді бас есепші.

Көп ұзамай наубайхана жанындағы дүкенге тағы екі дүкен қосылған. Соңғысы жақында ғана, 1 желтоқсан күні ашылды. Жұмыс кестесі сатып алушыларға қолайлы уақытқа қойылған: таңғы сағат 07.00-ден кешкі 23.00-ге дейін.

Бірлігі жарасқан ұжым

Өнімнің беделіне дүкендердің ыңғайлы жерде орналасуы мен қолайлы жұмыс кестесінің ықпалы ғана әсер етпегені анық. Иван Гиндер бәрі де берекелі, бірлігі жарасқан ұжымға байланысты екендігін айтады.

– Маман таңдауда жолымыз болды. Технолог Татьяна Криворотова туралы жоғарыда айтып өттім. Дәл сол адам қазіргі нан пісірушілер мен кулинарларға көп нәрсе үйретті. Айгүл Бейсембаева мен Сәбира Жанұзақованың да тәжірибесі мол мамандар. Ауысымда Светлана Маткова, Надежда Назарчукова, Марина Икибаева, Лена Губанова сияқты наубайханашылар болғанда нанның сапасы үшін уайымдамай қоюға болады. Айтпақшы, Лена Губанова өзінің тәлімгерін технолог жұмысы бойынша алмастыра алатын дәрежеге жетті. Ұжымдағы ахуал жұмыстағы соңғы шаруа емес. Иван Иванович жұмысшыларын бағалайды. Кез келген уақытта тыңдап, қолұшын созуға даяр. Олардың жұмыстары жақсы бағаланып, соған лайықты жалақы алады, сол себепті де біздің ұжымда жұмыс істегісі келетіндер көп, – дейді Наталья Абдраимова мақтаныш сезіммен. – Жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Цехта жақсы асхана мен жуынатын бөлмелер бар. Екі ауысыммен істейтін біздің жұмыс кестемізде бұл өте маңызды. Таңертең және кешке бізде үнемі жаңа піскен нан болады.

Сондай-ақ, Гиндер жеке кәсіпкерлігі тұшпара, вареник және манты жасап шығарады. Иван Гиндер өнімнің сапасын тікелей өзі тексереді. Ол наубайханада жасалған тұшпараны өзі де сатып алады. Бас есепші тұшпараға жергілікті мал өсірушілерден сатып алатын малдың етінен басқа қоспалар қоспайтынын айтады.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Егер оның тағы бір қырын көрсете кетпесек, кейіпкеріміздің бейнесін толық аша алмас едік. Кәсіпкер жер үйге көшкеннен кейін жылқы өсіре бастаған. Достары Иванның мұның бәріне қалай үлгеретініне таңқалады, өйткені ол шаруашылыққа да өзі бас-көз болады.

– Біздің ауылда ат ерттей алмайтын бала болмайтын. Мен де бала кезімнен кербез жануарға ғашықпын, бірақ оны қолға алатын уақыт болмады. Дегенмен екі жыл бұрын тәуекел етіп, Орлов асыл тұқымының құлындарын сатып алдым, – дейді Иван Гиндер. – Олардың бәрі қазір өсіп қалды. Орлов сәйгүлігін бәйгеге қатыстыру үшін баптап жүрмін. Оның аты Холоп (Құлдық етуші) болғанмен, заты – асау. Келесі жылы оны аудандық деңгейде өтетін бәйгелерге қатыстырмақпын.

Гиндердің бапталған сәйгүліктері бәйгеде өзара шауып келетінін жанкүйерлер жақсы біледі. Кәсіпкер ауыл мен округте өтетін шараларға, нан өнімдерінің облыстық көрмелеріне белсене қатысады. Ол серіктестері мен аудан әкімнінің алғысына бөленген жан.

Иван Гиндердің болашаққа деген сенімі зор. Оның ұлы мен төрт қызы бар, сондықтан ол өзінің өмірлік тәжірибесін, дөңгелеткен кәсібін кімдерге қалдыратынын жақсы біледі. Тынымсыз жан Иван Гиндер әлі де болашаққа жоспарлар құрады. Ауылдағы қирап қалған жылыжайды неге қалпына келтірмеске? Егер оны қалпына келтірсе, өзгелерден қымбат бағаға сатып алатын өнімдерден кем емес жергілікті көкөніс пен жемістер өсіруге болатынын болжап біліп отыр.

Анна Сабельфельд
Фотосурет автордыкі

Жылқымен түскен сурет Иван Гиндерден алынды